11-бап
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран. Олардың сипаттамасы және пайдалану тәртібі конституциялық заңда белгіленеді.
II бөлім
Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер
12-бап
1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, ол берілген негізіне қарамастан бiрыңғай және тең.
2. Қазақстан Республикасының азаматын өз азаматтығынан айыруға, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге аластатуға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыс жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана жол беріледі.
3. Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады.
13-бап
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматы шет мемлекетке берілмейді.
2. Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi.
14-бап
1. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.
2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды.
3. Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен мiндеттері бар.
4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда көзделген жағдайда шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының азаматы үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттерді атқарады.
5. Құқықтар мен бостандықтарды іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиiс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
15-бап
1. Әр адамның құқық субъектiсi ретiнде танылуға құқығы бар. Әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлмен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы.
2. Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасында заңға сәйкес біліктi заң көмегін алу құқығы танылады.
16-бап
1. Заң мен сот алдында бәрi тең.
2. Қазақстан Республикасының азаматын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсiтуге болмайды.
17-бап
1. Өмір сүру құқығы – әр адамның абсолютті және ажырамас құқығы.
2. Ешкімнің өз бетімен адам өмірін қиюға құқығы жоқ.
3. Өлім жазасына тыйым салынған.
18-бап
1. Әр адамға жеке басына тиіспеу құқығына және жеке бас бостандығы құқығына кепілдік беріледі.
2. Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды.
Күзетпен ұстауға сот шешімімен ғана рұқсат етіледі және оған шағым жасау құқығы беріледі.
3. Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негізі мен құқықтары түсіндіріледі.
4. Ұсталған адамның, күдіктінің, айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокат (қорғаушы) көмегiн пайдалануға құқығы бар.
19-бап
1. Заңды күшіне енген сот үкімімен адамды кінәлі деп танымайынша, ол жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі емес деп саналады.
2. Ешкім өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) және заңда айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.
Діни қызметшілер өздеріне сеніп, сырын ашқан адамдарға қарсы куәлік етуге міндетті емес.
3. Адамды дәл сол құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайта тартуға тыйым салынады.
20-бап
1. Адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне тиісуге болмайды және олар заңмен қорғалады.
2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездiк көрсетіп немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлап жәбiрлеуге және жазалауға болмайды.
21-бап
1. Жеке өмірге қол сұқпау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі.
2. Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдарының, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі.
3. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжатпен, шешiммен және ақпарат көзiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
22-бап
1. Әр адам өзiнiң қай ұлтқа жататынын айқындауға, оны көрсетуге не көрсетпеуге құқылы.
2. Әр адамның ана тілі мен төл мәдениетiн қолдануға, қарым-қатынас жасау, тәрбие беру, оқу мен шығармашылық тілін еркiн таңдауға құқығы бар.
23-бап
1. Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепiлдiк берiледi.
2. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады.
3. Мемлекеттік құпияларды қоспағанда, еркін ақпарат алу және тарату құқығы заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен іске асырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізбесі заңда айқындалады.
4. Сөз еркіндігі және ақпарат тарату басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс.
5. Цензураға тыйым салынады.
6. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді, аумақтық тұтастығына, Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды, қоғамдық тәртіпті бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, соғысты, қарулы қақтығысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттауға, сондай-ақ арандату әрекетіне және оған шақыруға жол берілмейді.
24-бап
1. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар.
2. Әр адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуға құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен жол беріледі. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергiсiз оралуға құқығы бар.
25-бап
1. Әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар.
2. Ар-ождан бостандығы құқығын пайдалану жалпыадамзат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы мiндеттерді шектемеуге тиіс.
26-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлестік құру бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бiрлестiк қызметi заңмен реттеледi.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының және өзге де соттарының төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, құқық қорғау органы және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері мен жұмыскерлері, әскери қызметшілер саяси партия мен кәсіптік одақта болуға, қандай да бір саяси партияны немесе қоғамдық-саяси қозғалысты қолдауға не сыни пікір білдіруге құқылы емес.
27-бап
1. Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Мәжбүрлі еңбекке тартуға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында ғана жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығына, еңбегi үшiн қандай да бiр кемсiтусiз сыйақы алу, сондай-ақ заңға сәйкес әлеуметтiк қорғалу құқығына кепілдік береді.
3. Заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады.
4. Тынығу, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндерi, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепiлдiк беріледi.
28-бап
1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.
2. Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың заңда көрсетiлген санаттарына баспана заңда белгіленген нормаларға сәйкес берiледi.
29-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншiк құқығы болады.
2. Меншiкке, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдік беріледі.
3. Сот шешiмiнсiз ешкiмдi өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген айрықша жағдайда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiкті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға оның тең құны өтелген кезде жол беріледі.
4. Қазақстан Республикасы кәсiпкерлiк қызмет бостандығы құқығына, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалану құқығына кепілдік береді. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi немесе шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
30-бап
1. Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.
2. Неке – еркек пен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.
3. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.
4. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз
ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
31-бап
1. Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепiлдiк берiледi, сондай-ақ жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты және өзге де заңды негiз бойынша әлеуметтiк қамсыздандыруға кепiлдiк берiледi.
2. Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де үлгілерін және қайырымдылық жасау қолдау табады.
32-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары ақы төлемей, заңда белгiленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы.
3. Мемлекеттік және жекеменшiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын тұлғалардан ақылы медициналық көмек алу заңда белгiленген негiзде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
33-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей бастауыш және орта білім алуына кепiлдiк берiледi. Бастауыш және орта білім мiндеттi.
2. Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негiзінде жоғары білім алуға құқығы бар.
3. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңда белгiленген негiзде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Мемлекет білім берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Барлық оқу орнының қызметi осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс.
5. Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие.
34-бап
1. Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті.
2. Мемлекет адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.
3. Адам өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн фактілерді, мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
35-бап
Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбiт жиналыс, митинг, демонстрация өткізуге құқығы бар. Бұл құқықты пайдалану конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін.
36-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына өзі жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiш жолдауға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар.
3. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы жоқ.
Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ.
4. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар заңға сәйкес лауазымдық мiндетіне ғана қатысты болады.
37-бап
1. Әр адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
2. Әр адам Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге мiндеттi.
38-бап
Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу – әр адамның борышы мен мiндетi.
39-бап
1. Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиеттi парызы мен мiндетi.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары әскери қызметті заңда белгiленген түрде және көзделген тәртiппен өткереді.
40-бап
Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi.
41-бап
1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында тек заңмен және қажетті шамада ғана шектелуi мүмкiн.
2. Этносаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.
3. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын саяси себептермен кез келген шектеуге жол берілмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 13, 15 – 17, 20, 22, 25-баптарында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс.
III бөлім
Президент
42-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, Қазақстан атынан ел ішінде және халықаралық қатынастарда өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.
2. Қазақстан Республикасының Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.
3. Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының біртұтас Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
43-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентін Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайлайды.
Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды.
2. Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жыл жұмыс істеген Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі екі айдан кешіктірілмей өткізіледі және Қазақстан Республикасы Құрылтайының жаңа құрамын сайлау мерзімімен тұспа-тұс келмеуге тиіс.
4. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астам дауысын алған кандидат сайланды деп саналады. Кандидаттардың ешқайсысы елу пайыздан астам дауыс санын ала алмаса, ең көп дауыс санын алған екі кандидат қайта дауысқа салынады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауыс санын алған кандидат сайланды деп саналады.
5. Осы баптың 1-тармағының ережелері өзгермейді.
44-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.
2. Ант беру сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының, Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерінің, сондай-ақ қоғам өкілдері мен шақырылған шетел азаматтарының қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 51-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігінің дендеуіне немесе лауазымынан кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде ант береді.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігінің дендеуіне немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Қызметінен кетірілгендерден басқа, Қазақстан Республикасының барлық бұрынғы Президенттерінің Қазақстан Республикасының экс-Президенті атағы болады.
45-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуға құқылы емес.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметші лауазымында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшы лауазымында болуға құқылы емес.
46-бап
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау жасайды;
2) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындайды; Қазақстан Республикасының Вице-Президентін лауазымынан босатады, оның өкілеттігін айқындайды.
Құрылтай Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады;
3) Қазақстан Республикасы Құрылтайының кезекті және кезектен тыс сайлауын тағайындайды; Құрылтайдың бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақырады; Құрылтай ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді немесе заңды не оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
4) Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациядан кейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кандидатурасын келісім беру үшін Құрылтайдың қарауына ұсынады; депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындайды; Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін лауазымынан босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкімет құрылымын айқындайды; Құрылтаймен консультациядан кейін Премьер-Министр ұсынған Үкімет мүшелерін тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін лауазымынан босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; аса маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді.
Құрылтай Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады;
5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Жоғарғы Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайды және оларды лауазымынан босатады;
6) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын тағайындайды және лауазымынан босатады;
7) Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдік басшыларын тағайындайды және кері шақырып алады;
8) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Конституциялық Соттың он судьясын сегіз жыл мерзімге, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін бес жыл мерзімге, Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін бес жыл мерзімге тағайындайды; оларды лауазымынан босатады.
Құрылтай Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады;
9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және лауазымынан босатады;
10) жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдайды;
11) адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің Егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін Конституциялық Сотқа күшіне енген заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 93-бабында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы өтініш жібереді;
12) Қазақстан Республикасының атынан келіссөздер жүргізеді және халықаралық шарттарға қол қояды; ратификациялық грамоталарға қол қояды; Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ халықаралық ұйым басшыларының сенім және кері шақыру грамоталарын қабылдайды;
13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын, құрметті атақтарды белгілейді;
14) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттайды, құрметті атақтарды, жоғары әскери атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді;
15) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселесін, саяси баспана беру мәселесін шешеді;
16) кешірім беруді жүзеге асырады;
17) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, ішкі саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне тікелей қатер төнсе және бұл мемлекеттік конституциялық органдардың жұмыс істеуін бұзуға алып келсе, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және Құрылтайының Төрағасымен ресми консультациядан кейін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе жекелеген аймақтарында төтенше жағдай енгізуді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, осы мән-жайлар талап ететін шараларды қабылдайды;
18) Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген аймақтарында әскери жағдай енгізеді, ішінара не жалпы жұмылдыру жариялайды, бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына дереу хабарлайды;
19) өзіне бағынатын Мемлекеттік күзет қызметін құрады;
20) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін құрады;
21) Қауіпсіздік Кеңесін, өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесін құрады;
22) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
47-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті Конституция мен заңдар негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол уақытша болмаған кезеңде Қазақстан Республикасының конституциялық заң күші немесе заң күші бар жарлықтар шығарады.
3. Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғанға дейін заңдарға Құрылтай Төрағасы мен Премьер-Министр алдын ала қол қояды және оларға заңдардың Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.
Үкімет бастамасымен шығарылатын Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне Премьер-Министр алдын ала қол қояды және оған актілердің Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.
48-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиісуге болмайды.
Мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, Президент өкілеттігін атқару барысындағы әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Президенті қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.
2. Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-Президенттеріне де қолданылады.
49-бап
1. Қазақстан Республикасының Вице-Президентін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Қазақстан Республикасы Құрылтайының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.
2. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
3. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуға құқылы емес.
4. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен халықаралық аренада Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіреді;
2) Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің атынан өкілдік етеді;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағарту ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды;
4) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.